Мектеп тарихы

  

Тарихқа көз жүкіртсек…

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да   мектебінің қандай  негізде  құрылуына  барып тіреледі. Мектебімізді   таза, берік һәм   өз жанымызға үйлесетін   негізде   құра білсек,  келешегіміз үшін  тайынбай-ақ    серттесуге болады» — деп   ХХ-ғасырдың өзінде-ақ Мағжан Жұмабаев айтып кеткен.  Қай заманда болмасын, елдің болашағы, өркендеп  өсуі-көзі ашық, көкірегі  ояу ұрпақтың  қолында екені белгілі. Сондай ұрпақты  болашаққа дайындап, елі үшін аянбай еңбек ететін тұлға етіп тәрбиелеу барысында  мектептің  алар орны  ерекше.  Білім-теңіз,  мектеп-кеме  болса, әр   білім  ордасының   сол сапардағы  жолының ұзақ та мәнді болуы, мақсатының айқындығы мен ұстаздарының   біліктілігінде жатыр.

     Жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуына   үздіксіз үлес қосып келе жатқан,   ауданымыздың білім саласында  өзіндік   орны бар- №71 орта мектебі. Жарты ғасырдан астам  ғұмырында 65 рет алғашқы қоңырауы мен 65 рет соңғы қоңырауын соққан   білім ошағы қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді. Мектебімізден түлеп ұшқан түлектердің ішінде  биік белестерді  бағындырған шәкірттер қаншама. Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде  ұстаздардың өлшеусіз еңбегі   бар.

     Алтын ұя мектебіміз өзінің алғашқы шәкірттерін 1957-1958 оқу жылында қабылдаған. Алғашқыда қаланың шығыс бетінде бастауыш білім ордасы ретінде ашылған. Онда 8 сынып комплектісі, 200-дей шәкірт білім нәрімен сусындаған.

1959 жылдан бастап, мектеп үйі үлкейтіліп, шәкірт саны 300-дей  болған. Мектептің алғашқы басшысы Ұлы Отан соғысы жылдарында батальон командирінен полк командиріне дейін жоғарылатылған, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы медалімен марапатталған Мұса Сәдібеков болды. Одан кейін директорлық қызметті Сембай Сатыбаев атқарған. Сол жылдары мектепте Жүсіпов, Оразалиев, Асанов, Ниязымбетов, Молжігітов сияқты  ұстаздарымыз    қызмет    еткен.

      65 жылдық тарихында мектеп атаулары   №176, №213 болып өзгерсе, 1992 жылдан бастап  №71 орта  мектебі болып өзгертілген.

1962-1963 оқу жылынан бастап №176 мектеп болып өзгертіліп, 8 жылдық болып, сынып комплектісі 14-ке жеткен, мектеп директоры- Серікқали Өміралиев болған.

 1963-1967 оқу жылдарында мектеп басшысы  қызметін Алданазар Күлмақанов, 1968-1976  оқу жылдары аралығында Ташенова Марияш апай абыроймен атқарған.  1972-1973 оқу жылында  шәкірттер саны  көбейіп, мектеп  №213  болып өзгертілген.

1976-1986 оқу жылдарында Айғаршаева Меруерт  мектеп директоры қызметін атқарды.

1986-1992 оқу жылдары аралығында мектеп басшысы Сағындықова Күлпия болды. 1992-1993 оқу жылынан бастап  мектеп  11 жылдық болып қайта құрылып, №71 орта мектебі  деп аталған, оқушы саны  435-ке жеткен. 

1992-1993 оқу жылынан 1998 жылға дейін мектеп директоры Науанова Айша апай болып, мектеп шәкірттерінің  биік белестерден көрінуіне еңбегі сіңген. Білім шыңын мақсат етіп, сол мақсат жолында аянбай еңбек етіп, үздік нәтижеге жеткен шәкірттер – Ямгиева Әсия (1992-1993 оқу жылы)  Құрманбаев Әділхан, Шәриев Жәнібек, (1993-1994 оқу жылы), Р. Құлмырзаева, Ж. Шәриева, С. Тоқанова, А. Бәжікова(1995-1996 оқу жылы ) Т. Сапарбаева (1996-1997 оқу жылы) .

1998 жылы 22-сәуірден бастап 2009 жылға дейін мектеп басшысы Б.Сәдуақасов болған. Р. Бекенов, Г. Райысова, А. Рысбаев (1998-1999 оқу жылы) есімді шәкірттер мектепті Үздік  аттестатпен бітірген.

    Осындай іргелі  білім ордасында    республикаға танымал, білікті ұстаздар   еңбек еткен. Ыбырай Алтынсарин медалінің  иегері, марқұм Төлегенов Көптілеу ағайымыз   және Науанова  Айша апайымыз  сынды ұлағатты ұстаздардың білім нәрімен сусындаған шәкірттері түрлі білім сайыстарында оза шауып, мектептің, ауданның атағын танытқаны жұртқа аян. Сондай-ақ, З.Баяуова,  М.Сексенбаева, Ғ.Әминова, С.Алпысбаева, Ә.Есенжолова Б. Сермағанбетова,  Б.Садуақасов  секілді білім беру ісінің үздіктері мен тәжірибелі ұстаздар жұмыс жасаған.  Білім жүйесіне  Ұлттық Бірыңғай Тестілеу енгізілген жылдары, №71 орта мектебі білім көрсеткішінен, аудан бойынша алғашқы орындардан көрініп келген. Солардың ішінде ең алғашқы  болып жоғары 103 балл жинап, білім биігінен көрінген  Жұбанова Роза  болды.  Бұл-сол кездегі ұстаздардың  өлшеусіз еңбегінің  нәтижесі.

   «Шәкіртсіз ұстаз–тұл»  демекші, осы мектепті әр заманда «Алтын   белгі» белгісімен  және «Үздік аттестатпен» бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген  қаншама шәкірттер бар. Олар: Құрманбаев Әділхан (1993-1994 оқу жылы), Құлмырзаева Рауан (1995-1996 оқу жылы), Тоқанова  Сайран (1995-1996   оқу жылы), Бажикова Агүл (1995-1996 оқу жылы), Шариева Жанат (1995-1996 оқу жылы), Рысбаев Айбек (1998-1999 оқу жылы), Райсова Гүлзада  (1998-1999  оқу жылы ), М.Нұрболатова (2000-2001), Тынымбаева Гулмира (2001-2002 оқу жылы), Г.Жайназарова  (2001-2002 оқу жылы),Б.Жиенбаева (2001-2002 оқу жылы) Ж.Мырзағұлова, С.Тілеубаева, Ж.Дәрібаева(2004-2005 оқу жылы) және де 2016-2017 оқу жылында Байділдаева Сымбат «Алтын белгімен», Қуантайқызы Назым «Үздік аттестатпен» бітіріп, мектеп мерейін арттырған болатын. 2017-2018 оқу жылында  Аманжолова Сара мен Рзағазиева Ақгүл мектепті өте жақсы бітіріп, «Алтын белгі» белгісін иеленсе, 2018-2019 оқу жылында Қайратов Мансұр, 2019-2020 оқу жылында Серікқызы Индира, Ерболат Әсемай, Жақсылықова Аружан, 2021-2022 оқу жылында Жақсылықов Азамат мектепті өте жақсы бітіріп, «Алтын белгі» белгісімен марапатталды.
 2002-2003 оқу жылында  мектебімізге  45 жыл  толу қарсаңында,  тарих пәнінің мұғалімі, қазірде зейнеткер ұстаз Құдайбергенова Айман  апай мектеп тарихын   жан-жақты зерттеп, өз қолтаңбасын  қалдырды.

2009 жылы мектеп  тарихының  жаңа бір парағы ашылған  болатын. 2009-2010 оқу жылынан бастап мектеп қайта құрылып, Аудан әкімінің 29 тамыздағы №193 шешімімен  мектебі жоқ елді мекендердің  балалары жатып оқитын  50 орындық мектеп  жанындағы интернат ашылды.

       2009-2011, 2012-2015 жылдары аралығында Дүзікеев Мереке, 2015-2019 жылдары аралығында Әбілбаев Әліби мектеп басшысы қызметін атқарған болса, 2019 жылдан бері Абдуллаева Салтанат мектеп директоры болып жұмыс жасауда.
       Мектеп дегеніміз–балалар мен жасөспірімдердің, ұстаздар мен ата-аналардың бірлестігі. Оқушының айналасында сұлулық, қиял мен шығармашылық сыйлайтын  рух пен білім ордасы. Өмір ағысы өзгеріссіз тұра алмайды, әр күннің өз жаңалығы бар. Бүгінде мектепте  жаңа бейне, жаңа келбет, жаңа дәстүр, өзгеріс пен тұрақтылық көрініс  тапқан.

          Қазіргі таңда мектебімізде  47 педагог қызмет жасаса, олардың екеуі  педагог – зерттеуші, он бесі педагог-сарапшы, он төрті педагог-модератор.  Мектеп мұғалімдері түгел жаңартылған білім мазмұны бойынша білімдерін жетілдірсе, оның  9-ы деңгейлік бағдарлама бойынша курстан өткен. Мектебіміз  терең тарихынан  нәр алып, жарқын болашаққа  сеніммен  қарайтын, өз  шәкірттерін болашаққа сеніммен аттандыратын алтын көпір  секілді.

 

 

Рейтингі
Достарыңызбен бөлісіңіз
"Қызылорда облысының білім басқармасының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің "№71 орта мектебі» КММ